«Сазген сазы» ансамблі өнер көрсетті

 

АЛМАТЫ. 29 наурыз. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Өнер және мәдениет факультетінің «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша білім алып жүрген 4-курс студенті Раушан Кемалованың дипломдық жұмысы ретінде «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті.
 
«Сазген сазының» тарихы тым тереңде жатыр. Ықылас атындағы музыка аспаптары мұражайы жанынан құрылған фольклорлық-этнография­лық ансамбльдің негізін қалауға мұрын­дық болған ұлт жанашыры, өнердің үлкен қамқоршысы – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков. Кейіннен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қосылған ұжым облыс орталығы Тал­ды­қорғанға көшкенде біраз түсінбеу­шіліктер болған. Алматыда қалып қойған өнер ұжымының бір тобын Бағдат Тілегенов жинап, «Сазген сазы» деген атпен «Алматы әуендері» меке­месінің жанынан жұмысын қайта жандандырады. Халыққа қажетті өлмес өнерді, ұлт құндылықтарын сары май­дай сақтаушы өнерпаздарды қолдаған Алматы қалалық әкімшілігі ансамбльді жеке қамқорлықтарына алады.
 
– «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне биыл 15 жыл толады. Осы ұжымның құра­мында қазақтың талантты әншісі әрі композитор қызы, бүгінде Қыздар мемлекеттік педагогикалық универ­сите­тінде Өнер және мәдениет факультетін басқарып отырған Гүлнұр Өмірбаева өнер көрсеткен. Сондықтан атақты ансамбльдің мерейтойын атап өту, өнер өлкесіне бет алған студенттер аға-апаларынан үлгі алсын деген ниетпен «Алатау жаңғырығы» деген атпен концерт ұйымдастырып отыр. Шынында да, ансамбльдер мен әншілер көбейіп, фольклорлық-этнографиялық дүниелерге назар аудару бәсеңсіген тұста болашақ ұстаздардың назарына халық әндерін, классикалық дүниелерді ұсынып, ұлтымыздың бар байлығын сақтауға ынталандыруы – өте құп­тарлық бастама, – дейді Мәдениет қайраткері Ықылас Нұрғалиев.
 
Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз өнердің шын жанашыры, музыка саласының қайталанбас тұлғасы Болат Сарыбаев іздеп тапқан көне аспаптар­дың үнін қайта жандандырған еді. Содан бері қаншама жылдар өтсе де, сирек кездесетін күйлер мен әндер «Сазген сазының» орындауында жұрт на­зарына ұсынылып келеді. Ансамбль құрамы кәсіби музыканттардан тұрады. Нұрмахан Шынтеміров, Гүлназ Ноғайбаева секілді талантты әншілер­мен қатар, жасампаз жастар да өнер ұжымының атын асқақтатып келеді. «Сазген сазындай» әлемді шарлаған ұжым некен-саяқ, олардай жүлде жинау да сирек құбылыс. Осылайша, Өзбекәлі Жәнібектің үмітін ақтаған әншілер мен күйшілер заманға сай бейімделіп жатыр. «Алайда ол кісі айтып кеткен дүниелерді толық орындай алған жоқ­пыз. Ағамыз көзі тірісінде көп кеңестер берді, жаңа аспаптарды іске қосуды ұсынды. Осы бағытта әлі де көптеген жұмыстар істеуге тура келеді», – деген Ықылас Нұрғалиев болашақта ел ықыласына бөлене беретіндіктеріне сенеді.
 
Алматы қалалық әкімдігі музыкант­тарға жалақы төлеу, киім тіктіру, шетелге шығу жағынан ұдайы көмек­тесіп келеді. Әкімшілік жанында өзге де өнер ұжымдары бар. Алайда «Сазген сазының» орны бір бөлек. Өйткені ұлтымыздың жүрегіне жақын, құнды­лықтарымыздың қадірін білетін, мерейін тасытатын айтулы ансамбльді қалай мақтасақ та жарасады.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti