Гаухар Алдамбергенова «Almaty» телеарнасына сұхбат берді

 

АЛМАТЫ. 29 наурыз. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова «Almaty» телеарнасына сұхбат берді.
 
Оқу орнының басшысы «Шарайна» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіндегі басым бағыттар жайында кеңінен әңгімеледі.
 
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі – Қазақстанның келешегін қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспары, әлеуметтің әлеуетін арттыруға арналған тың қадамдары деп сеніммен айта аламыз. Елбасының үндеуіндегі бастамалар отандастарымыздың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін, зияткерлік сапасын жоғарылатуды һәм жақсартуды көздейді. Әсіресе, Президент баспана, салық және білім жағынан жан-жақты қолдау көрсетуге жете мән беріп отыр. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының егемендіктің елең-алаң шағындағы ауыр кезеңдерде қиыншылықтан шығудың жолдарын ұсынып, ширек ғасырдан астам ғана уақыт аралығында Қазақстанды әлемнің беделді мемлекеттерінің санатына қосып, ел азаматтарының баянды болашағы жолындағы атқарылуы тиіс орасан істердің жауапкершілігін өз мойнына алатындығын ерекше атап өткен жөн. Бұл жолғы үндеу де кемел келешек жолында атқарылуы тиіс ауқымды істердің айқын дәлелі іспеттес, – деді Г. Алдамбергенова.
 
Гаухар Төремұратқызы маңызды құжаттағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.
 
– Мемлекет басшысы жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытында бірқатар игілікті істерді атап көрсетті. Мәселен, әлемдік стандарттарға сай білім білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасау тиістілігі айтылды. Бүгінде жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отырғаны рас. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен енді бұл мәселе оңтайлы шешілмек. Алдағы уақытта жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастау көзделіп отыр. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырылды, – деп атап өтті Қыздар Университетінің ректоры.
 
Оның айтуынша, бұл еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы – жастарға деген қамқорлық.
 
Сондай-ақ, оқу орнының басшысы Президент үндеуінде көрсетілген міндеттерге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті қалай үлес қоса алатындығы жайында және білім ордасында қолға алынып жатқан бастамалар туралы баяндады.
 
– Бүгінде Қыздар Университетіне 7 жатақхана тиесілі. Мемлекеттік грантта оқитын студенттер үш мезгіл тегін тамақпен және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыдан келгенде оқу орны жатақханаға мұқтаж студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп отырған еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны екенін атап өтсек болады. Алдағы уақытта жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша нысандар салуды жоспарлап отырмыз, – Гаухар Алдамбергенова.
 
Бағдарламаның толық нұсқасын мына сілтеме арқылы көруге болады.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti