Өнер фестивалі Наурыз мерекесіне арналды

 

АЛМАТЫ. 29 наурыз. Media_Ortalyq – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты студенттердің өнер фестивалі өтті.
 
Физика-математика факультетінің белсенді білімгерлері ұйытқы болған іс-шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлерінен сыр шертетін қойылымдар қойылып, ұлттық ән мен күйлер орындалды.
 
Жиынның мақсаты – Ұлыстың ұлы күнін атап өту арқылы дәстүрлі рухани құндылықтарымызды кеңінен насихаттау, ата-баба салтын ардақтай отырып, мерекенің мәртебесін көтеру.
 
Іс-шарада Қыздар Университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова сөз алып, ұлттың ұлылығын ұлықтайтын осы тақілеттес фестивальдардың маңызына тоқталып, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
 
– Іргесі сөгілмес бірліктің берекесі мен ырысы төгілмес тірліктің мерекесіне айналған Наурыз – айбыны асқан, түп-тамыры терең, тағылымы мол өнегелі өркениетіміздің өлшемі іспеттес. Төл тарихымыздың тұңғиығына үңілер болсақ, қадым замандарда-ақ көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, көңілдегі кірбің мен ренішті кешіріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бір-біріне қолұшын созып, тағам үлестіру үрдісі қалыптасқанын бағамдаймыз. Зерделей білсек, Наурыз – күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулының жанданатын кезімен тұспалдасып жатқан уақыт қана емес, ұлысымыздың ұйытқысына, халықтардың береке-бірлігіне негіз болған кезең екенін аңғаруға болады. Бедері бөлек, маңызы ерек Наурызды ұлықтау – халқымыздың салты мен дәстүрін жаңғырту деп білеміз, – деді Гаухар Төремұратқызы.
 
Шара соңы факультеттің өнерпаздарының концертіне жалғасып, көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылды.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti