Волейболдан қыздар арасындағы жарыста жеңімпаз атанды

 

АЛМАТЫ. 3 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің құрама командасы волейболдан ҚР жоғары оқу орындары студенттері арасындағы ойындарда бірінші орын алды.
 
Алматы қалалық «Парасат» кәсіподағы ұйытқы болған дәстүрлі сайыстың мақсаты – жастардың денсаулығын нығайтып, спорттық шеберлігін шыңдау және олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
 
Наурыз айының 11-16 күндері аралығында Абылай хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінде өткен жарысқа 25 команда қатысып, бақтары мен баптарын сынады.
 
– Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бүгінгі жас ұрпақтың білімді де білікті, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына тікелей байланысты. Сондықтан да болашақ педагог мамандарды даярлайтын ұжымның алдында тұрған басты мәселенің бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, – дейді Қыздар Университетінің «Ақбілек» спорт клубының жетекшісі Сәдуақас Шыңғысбаев.
 
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 1-орынға ие болды. 2-орынды С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті еншілесе, 3-орын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің командасына бұйырды. Университет басшылығы спорт бәсекесінде жеңіс тұғырына көтерілген командалар мен жекелей қатысушыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti