Теннистен өткен жарыста алтын медальға ие болды

 

АЛМАТЫ. 4 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің үстел теннисінен құрама командасы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттері арасында өткен XII Спартакиада ойындарында жеңімпаз атанды.
 
27 наурыз күні Қыздар Университетінің спорт кешенінде байрағын көтерген сайыс Алматы қалалық «Парасат» кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
 
Астана қаласының 20 жылдығына арналған дәстүрлі додаға 10 команда қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Атап айтқанда жарыс жолында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Нархоз университеті, Еуразия технология университеті, Азаматтық авиация академиясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы гуманитарлық университеті және Чайковский атындағы колледж спортшылары өзара мықтыны анықтады.
 
Қыздар Университетінің атынан қатысқан студенттер сайыс барысында жылдамдығы мен шеберліктерін жан-жақты паш ете білді. Атап айтқанда, Әсел Құрал, Аружан Қабдрашева, Құттықыз Шонанова, Галина Чиркова және Медиана Қалықбай ұпай санымен қарсыластарынан мерейлері үстем болды.
 
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша 1-орынға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ие болды. 2-орынды С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті қанжығасына байласа, 3-орын Нархоз университетінің командасына бұйырды.
 
Университет командасын спартакиадаға Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы, Үстел теннисінен СССР спорт шебері А. Кухаренко дайындады.
 
Байрақты бәсекеде «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға дипломдар мен кубоктар табысталды.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti