Университет студенттері білім бәйгесінде 3-орын алды

 

АЛМАТЫ. 4 сәуір. Media_Ortalyq – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен ғылыми бағыттағы мамандықтар бойынша X республикалық студенттер олимпиадасында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері 3-орын алды.
 
Еліміздің жоғары оқу орындары білімгерлері арасында ұйымдастырылған білім додасының мақсаты – талантты болашақ мамандарды анықтау және оларға қолдау көрсету, студенттердің шығармашылық қабілетін ашу, дарынды жастарды іріктеу. Сонымен қатар, арнайы және инклюзивті оқыту саласында ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді дайындау бойынша бірегей білім беру кеңістігін құру.
 
Олимпиадаға қатысқан 10 топ 3 кезең бойынша зияткерлік әлеуетін сынады. Мәселен, Қыздар Университетінің География және туризм кафедрасының «География» мамандығының студенттерінен құралған «Жасыл энергетика» мен «Айтұмар» командалары «Диалог» атты алғашқы турда өз топтарын таныстырса, екінші айналымда географиялық есептер мен сарамандық жұмыстардан тұратын жалпы саны 30 тест сұрағы мен 10 практикалық тапсырманы орындады. Ал, үшінші кезеңде «Ұлы Жібек жолының жаңа экономикалық белдеуі: мүмкіндіктері мен тәуекелдері» тақырыбындағы жобаны қорғап, оның ғылыми тұрғыдағы тиімділігін нақты мысалдармен дәлелдеді.
 
–Университет қабырғасында үздік білімдерімен дараланып жүрген студенттер республикалық байқауда да біліктіліктерін толық дәлелдеп, шығармашылық қарым-қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Олимпиада комиссиясының құрамы мен жоғары оқу орындарының әділқазылар алқасының мүшелері педагогикалық университет студенттерінің білім деңгейін өте жоғары бағалады. Сайыс қорытындысы қатысушылардың әр тапсырма бойынша алған баллдарын жинақтау арқылы шығарылды, – дейді География және туризм кафедрасының меңгерушісі Күләш Мамырова.
 
Білім сайысының нәтижесі бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Геожол» тобы бірінші орынға ие болды. Екінші орынға Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Жаңғырған Жібек жолы» тобы мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Тапқырлар» командасы лайық деп танылды. Ал, жүлделі үшінші орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Жасыл энергетика», М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Ақ Жайық» және Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Алтын көпір» топтары өзара бөлісті.
 
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық олимпиада студенттердің білімдерін шыңдап қана қоймай, қазақстандық жоғары оқу орындарындағы География мамандығының мониторингін жасауға мүмкіндік береді.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti