Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

 

АЛМАТЫ. 4 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатта болды.
 
Мақсат – Қыздар Университетінің басты мақсаты мен өзіндік ерекшелігін мектеп оқушыларына кеңінен таныстыру. Іс-шараны оқу орнының ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, болашақ түлектерді тағылым мен тәрбиенің ордасында білім алуға шақырды.
 
– Баршаңызға белгілі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай университет жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз. Ал, біздің ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады. Қымбатты жастар! Біз Қазақстанның болашағын дайындап жатқанымызды нық сеніммен айта аламыз. Себебі біздің түлектеріміздің көпшілігі Қазақстан қоғамының элитасын құрайды және еліміздің даму бағытының қалыптасуында атсалысады. Бұл біздің маңызды нәтижеміз, біз онымен мақтан етеміз және болашаққа деген сеніммен қараймыз. Қымбатты білім қуған арманшыл жастар! Сіздерді ұлағат ұясына айналған қарашаңырақ – Қыздар Университетіне шақырамыз, – деді Г. Төремұратқызы.
 
Сонымен қатар, жиын барысында университет ректоры Гаухар Алдамбергенова мен Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының директоры Роза Сексенова өзара қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған өзара тиімді екіжақты дамыту мәселелерін талқылады. Басқосудың екінші бөлімінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім-ғылым саласы аясындағы ынтымақтастықты дамытуды қарастырады.
 
Сондай-ақ, кездесу аясында университет факультеттері өз таныстырылымын жасады. Атап айтқанда, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттері әдеби композициясын, Физика-математика факультетінің оқытушылары «Қызықты математика» презентациясын, Педагогика және психология факультеті Ұлттық бірыңғай тестіден сәтті өтуге психологиялық жаттығулар, халықаралық, республикалық спорт сайыстарында жеңімпаз атанған чемпиондар шеруін, Жаратылыстану факультеті арнайы бейнебаян, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің Кәсіптік оқыту мамандығының студенттерінің футуризм және қазақи ұлттық стильдегі сән үлгілерін және Өнер және мәдениет факультетінің өнерпаз студенттері дайындаған мерекелік концерті мектеп ұжымы мен оқушыларына ұсынылды.
 
Іс-шара шымылдығы Қыздар Университетінің «Томирис» би ансамблінің орындауындағы мюзиклмен жабылды.
 
Өз кезегінде Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының директоры Роза Сексенова ордалы оқу орнының ұжымына алғысын білдіріп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаратынын тілге тиек етті.
 
Айта кетейік, аталған білім ұясы 1957 жылы ауылдағы малшылардың балаларына арналған республикалық деңгейдегі мектеп-интернат болып ашылып, кейін 1988 жылға дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеулер институтының эксперименттік базасы ретінде жұмыс жасады. 1988 жылы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат ретінде өз жұмысын одан әрі жалғастырды. 2003 жылы «Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат» деген атауға ие болып, оған Үкімет қаулысымен 2006 жылы Абайдың есімі берілді. ҚР Халық артисі, композитор Кеңес Дүйсекеев, ҚР ҰҚК академиясының бастығы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің президенті Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев сияқты тұлғалар білім алған бұл мектептің атақ-абыройы республикаға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де танымал.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti