Абайдың әдеби мұрасына арналған жиын өтті

 

АЛМАТЫ. 6 сәуір. Media_Ortalyq – «Абай даналығы – рухани жаңғыру негізі». Осындай атаумен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде әдеби-сазды кеш өтті. Иран Ислам Ресубликасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы мәдени өкілдігі ұйымдастырған шарада ұлы ақынның әдеби мұрасы кеңінен зерделенді.
 
Жиынға Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты. Сонымен қатар, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Хамид Реза Аршади, Иран мәдени өкілдігінің басшысы Сейд Джавад Джалали Киясари және Шаһид Беһешти университетінің профессоры Амир Ченари қатысты.
 
– Бірнеше жылдан бері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде парсы тілі екінші шетел тілі ретінде оқытылып келеді. Сол уақыттан бері Алматы қаласындағы Иранның Бас Консулдығы жанындағы мәдени орталығы оқулықпен, техникалық құралдармен қамтамасыз етіп, жылда тіл үйренушілердің білімдерін шыңдау үшін Иранға тіл ұстарту курстарына студенттер, магистранттар мен докторанттарды және оқытушыларды жіберуде. Бұл қос ел арасындағы ынтымақтастық аясын арттыруға өз септігін тигізуде. Сондай-ақ, аталған орталық және университет бірнеше рет әртүрлі мәдени-әдеби шараларды бірге өткізіп, Қазақстан мен Иран қарым-қатынастарының нығаюына көп үлесін қосып келеді. Бүгінгі шара да осы тақілеттес игілікті істердің жалғасы. Соның ішінде Абай хакімге арнайы тоқталып отырғанымыз бекер емес. Ақын шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ауқымынан асып кететін ғажайып дүние және қара сөздері жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөз, – деді Сейд Джавад Джалали Киясари.
 
Ал Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Хамид Реза Аршади екі елдің мәдени байланыстарының дамуында осындай шаралардың рөлі ерекше екенін, Абай сияқты ұлы ақынның өміршең шығармалары тек қазақ халқының емес, әлемдік әдебиеттің дамуына үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, басқосу барысында Шаһид Беһешти университетінің докторы Амир Ченари «Абай және Нима шығармаларындағы үндестік» тақырыбында баяндама жасап, екі шайыр шығармаларының ортақ ұқсастығын ғылыми түрде салыстырды.
 
Кештің екінші бөлімінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 1, 2 курс студенттері арасында Абай Құнанбайұлының шығармашылығы бойынша білім сайысы да өтті. Олимпиада «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Асыл сөз» және «Сыртын танып іс бітпес сырын көрмей...» атты кезеңдер бойынша ұйымдастырылды.
 
Атап айтқанда, білім додасына қатысушылар алғашқы турда Абай өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқудан, екінші кезеңде ақын қара сөздерін жатқа айтудан, үшінші айналымда хакімнің өмірі мен шығармашылығын қамтитын викториналық сұрақтарға жауап беруден, өзара мықтыны анықтады.
 
Сайыс қорытындысы бойынша аталған факультеттің 1-курс студенті Нұрбибі Қарасай бірінші орынға ие болды. Екінші орын 2-курс студенті Анар Кенгановаға, үшінші орын Назира Аппазға бұйырды.
 
Жеңімпаздар Мәдени өкілдік тағайындаған ақшалай сыйақымен және Алғыс хатпен марапатталды.
 
Әдеби-кеш соңы факультет өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti