«Startup-Tomiris» инновациялық жобалар байқауы өтті

 

АЛМАТЫ. 7 сәуір. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Startup-Tomiris» атты жас ғалымдардың инновациялық жобалар байқауы өтті. Шара «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ұйымдастырылып отыр.
 
Байқаудың мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, университет білім алушыларының шығармашылық қабілетін ашу және инновациялық кәсіпкерлікке тарту. Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлік мәдениеті мен көшбасшылық дағдыларын қалыптастыру, бизнес қауымдастықтарымен және өзге мүдделі тараптармен байланыс орнату.
 
Байқауға Қыздар Университетінің күндізгі бөлімінің 1, 2, 3-курс студенттері мен 1-курс магистранттары қатысып, өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды. Сайыс қорытындысы жуырда kazmkpu.kz ресми интернет-ресурсында және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланады.
 
Сайыс «Заманауи филологиялық ғылымдар және әлемнің ұлттық бейнесі», «Еліміздегі және әлемдегі педагогика және психология: қазіргі теория және тәжірибе», «Қазақ қоғамының санасын жаңғырту үдерісіндегі әлеуметтік-гуманитарлық білім», «Жаратылыстану ғылымдары: инновациялық технологиялар мен идеялар», «Цифрлық Қазақстан: физика-математика ғылымдарының жаңа серпілісі» және «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» бағыттары бойынша өтті.
 
Байқау қорытындысын шығаруға арналған сараптамалық комиссияның құрамы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Алматы қаласы, Алмалы аудандық жұмыспен қамту орталығы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «KaznexInvest» экспорттау және инвестициялау бойынша ұлттық агенттігі, «АТФ Банк» АҚ қызметкерлері мен бизнес өкілдерінен тұрады. Қазылар алқасы жобаларды инновациялық өлшемдер бойынша іріктеп, белгіленген аталымдар бойынша байқау жеңімпаздарын анықтайды.
 
Байқау жеңімпазы республикалық «Startup-Bolashak» инновациялық жобалар байқауына университет атынан қатысады және 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапатталады. Ал, екінші орын иегері 100 мың теңге, үшінші орын иегері 50 мың теңгеге ие болмақ.
 
– Жастардың шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау мен оны кең көлемде жариялауда, олардың тұлғалық дамудың тәсілі ретіндегі жобалық зерттеу іс-әрекеттеріне тартуда және білім беру үрдісінің тиімділігін көтеру мен қолданбалы ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда осы тақілеттес жиындардың маңызы зор, – дейді шара ұйымдастырушылары.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti